Ана бақыты

Category: Общество 4 0

Әйел – ардақты әже, аяулы ана, асыл жар. Ол – отбасының ұйытқысы, бала тәрбиесінің бағбаны, тіршіліктің тұтқасы.

Қашаннан бергі дәстүріміз бойынша біз нәзік жандыларды құрметтеген халықпыз. Олардың төзімдері – темірдей мықты, көңілдері – кең, жүректері – жомарт.  Біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріліп келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деген сөздері ананың қадірін біліп, асыл қасиетін түсінуге үндейді, мемлекет және қоғам болып аналарымызды алақанға салып аялауға шақырады.

5-наурызда облыс әкімінің қатысуымен өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шарада сарыкөлдік қос анаға құрмет көрсетіліп, «Алтын алқа» медальдары табысталды. Солардың бірі – Дәмира Әбдіхалық.

Дәмира Берікболқызы – 7 баланың анасы. Отағасы – Дәулетбай қажы ауданымыздың бас имамы қызметін атқарады. Балаларының үлкені – Ғабду-Рахман мен келіні – Гүлнардан немере сүйіп отыр. Одан кейінгі балалары: Нұрахмет – Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқыса,   Фәтима – Атырауда дизайнер болып жұмыс істейді, Айша – Астана қаласындағы гуманитарлық колледж студенті, Рабиға мен Ибраһим Ө.Сұлтанғазин атындағы мектепте оқиды. Сүт кенжелері – Әсмә болса 1 жарым жастан асты. Жалпы айтқанда, ана бақыты, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі.

-Бала – Алланың берген сыйы. Сондықтан, қазіргі жас қыз-келіншектерге айтарым, баланы қалай туамын, қалай асыраймын деп уайымдамау керек. Қазақта: «Қой егіз туса, бір түп жусаң артық шығады», — деген жақсы сөз бар, — дейді көп балалы ана, «алтын алқа» иегері.

Құрметті Дәмира апа мен барша сарыкөлдік аналар, сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық тілейміз!

 Жиын

Related Articles

Add Comment