Мейірімді болайықшы!

Category: Общество 24 0

Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі.

«Жерде жетім жыласа, көкте періште күрсінеді» — деп дана халқымыз айтып кеткендей, әлімсақтан бері ата-бабаларымыз бір ақсақ тайын да, бір қотыр қойын да дұшпан-жауларына, ит пен құсқа да алдырмаған.

Тағдыр тауқыметіне ұшырап, табиғат опатына тұскен жандарға халқымыз қай кезде болмасын мұң-мұқтаждарын тыңдап, қол ұшын беріп, қиналса көмектесуге әзір тұрған.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алитановтар отбасының үйі өртеніп, қыстың қақаған аязында зейнеткер әжей мен жас ана екі кішкентай баласымен баспанасыз далада қалған еді. Баспанасымен бірге бұл отбасының құжаттары, киім-кешек, жиһаздары түгелдей дерлік қызыл жалынға ораныпты.

Зардап шеккен отбасымен жүздескен біздің редакция ұжымы үйсіз қалған жанұяның тағдырына бей-жəй қарамай, бірден көмек көрсетуді бастап кетті. Айналасы үш айдың ішінде осы отбасына көмек көрсетеміз деп екі қайырымдылық концерт өткізді. Қазіргі уақытта бұл отбасы бір үйді жалдап, жас ана – Салтанат пен екі кішкентай баласы жəне əжесі күн кешіп отыр.  Əжесі дегенде жасы алпыстан асқан кісі.

Жергілікті билікте бұл іске жəй ғана қарап қалмай, жас ана Салтанатқа жұмыс тауып, орналасуына көмектескен еді.
Алдағы уақытта сол үйді сатып аламыз деп алғашқы концерттен түскен 340 мың теңгені жинап қолдарына берді. Редакция басында, содан соң аудан əкімі мен əкімшілікте істейтін қызметшілер біркүндік еңбекақысын беріп, аурухананың қызметкерлері, Сарыкөл агробизнес жəне құқық колледждің мұғалімдері де ақшалай көмек көрсетті.

Ауданымыздың алтын жүректі әйел-кәсіпкерлері Алитановтар отбасының барлық мүшелеріне су жаңа киім сатып әперсе, біреулері ақша жинап көмектессе, екіншілері тамақ апарып отырды.

Бүгінгі күнге дейін қайырымдылық шаралардан жиналған барлығы 730 мың үй иесіне берілді. Енді тағы 270 мың теңге жинауды қажет етіп отыр. Үй 1 700 000 теңге тұрады. Бір миллион теңге берсек, қалған 700 мыңды жылдың аяғына дейін Салатанат пен асыл Айслу әжеміз өздері ай сайын беріп отырады.

Біз ежелден, аш құрсақ отырған жылдарда да ауып келген жұртқа аузындағысын жырып берген бабалар ұрпағымыз. «Кең пейілді кемімес» демекші Жаратушыға деген шүкірлігін іспен, қандас бауырға деген жанашырлығын жомарттықпен көрсеткен жандар əр кезде де халқымызға үлгі болары хақ.

Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айында барша мұсылман жұрты зор құрметпен қарсы алып, оразаға ниет етіп, сауапты істерін жалғастырып келеді. Бұл айда игі істеріміздің санын арттырып, сауапты мол жинап, Алланның разылығын алу мақсатында редакция ұжымы «Тамаша» өткізіп, қалған 270 мыңын жинап берсек нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта «қайырым етсең, қайырын көрерсің» деген жақсы сөз бар. Дәл қазіргідей дағдарыс әлемді тығырыққа тіреген уақыттың өзінде қолы ашық, жаны жомарт жандар көмек қолдарын созып, өте сауапты іс жасап, 270 мың жинасақ, қазіргі отырған үйді сатып алуға қол ұшын берер едік.

Құдайға шүкір, ауданымызда   Маржанкүл Тайжанова, Жалғас Шұғыбаев, Сұлтан Қожагелдин, Еркін Хуланбай, Ермек Жапаев, Есен Шəкібай дейтін əртістеріміз аз емес. Өнер мектебінің директоры Есен Шəкібай тамашаны ұйымдастыруға көмектесемін деп отыр.

Біздер «Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Елдігіміз де, ерлігіміз де қайтып оралды басымызға. Ел болып, билік болып кесімді шара қабылдап, аудан тұрғындары бәріміз бір кісідей жиналып қол ұшын беріп, тамашаға билет алатын болсақ – ертеңгі бір отбасы жандарының жүзі нұрлана түсетіне толықтай сенімдіміз.

Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде бізде жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді, ризашылығын алуды қалаған, жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Жаратушы Хақ тағала барлығымызды пейілі кең, жүрегі жомарттардан қылғай! Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын.

 

Кстати

— Ешкімнің есігіне елпеңдеп, жәрдем сұрамай кредит аламын деп банктерді аралаған едім, сонда бергені  жүз мың ғана, себебі зейнеткер адаммын. Пенсиям кішкентай, сондықтан   алғаным   жүз  мың ғана. Туыстарымнан еш көмек жоқ, — дейді Салтанат Алитанова.

Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал оны жасау қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу адамның адаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық.

Мейірімділік – ғажайып өмір есігі, мейірімді болсаң – сазды әуенмен тербетілер бесігің, — деп ақын ағамыз  айтқандай бір-бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын, ағайын!

Related Articles