Бір арман, бір бақыт…

Category: Общество, Культура 15 0

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. «Отан – отбасынан басталады» — дегендей,  Отанды сүю — отбасынан басталатыны рас…

Бүгінде дәл осы қағиданы ұстанған, Краснодон ауылдық округінде көпке үлгі боларлықтай өнегелі отбасылар баршылық. Солардың бірі де, бірегейі  – Жұмағұловтар жанұясы деп айтуға әбден болады.

Отағасы – Сансызбай Жұмағұлов округтегі орта мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Сүйген жары да бұрын Күнтимес ауылында мұғалім болып қызмет істеген. Ал, қазір үй шаруашылығымен айналысады. Еңбастысы, ерлі-зайыптылар бір-біріне қиын-қыстау кезеңдерде қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады.

«Бала — отбасының бақыты», — демекші, бұл шаңырақта төрт бала дүниеге келіп, тәрбиеленіп отыр. Айталық, үлкен қыздары — Әйгерім Краснодон мектебінде бастауыш пәнінен сабақ береді, оған қоса, оқу ісінің орынбасары қызметін атқарады.  Екінші қыздары — Жанар, Маяк мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал, ортаншы қыз баласы — Айнұр биыл 11-сыныпты жақсы бітірді. Сондай-ақ, сүткенжелері — Райымбек болса, 3-сыныпты аяқтап отыр. Балалардың бәрі шеттерінен өнерлі.

Жалпы, білім саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Сансызбай Жұмағұлов — ұлағатты ұстаз. Бүгіндері шәкірттері түрлі байқауларға қатысып, өзі де біліктілігін одан әрі шыңдап, жетілдіру курстарынан өтіп жүр.

Мінеки, білікті маманның жолын өзінің  қыздары да жалғауда.    Олардың жас болса да, жеткен жетістіктері аз емес. Ең бастысы, әкелерінің жолын қуып жүр, ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар.

Жалпы, мақалаға арқау болып отырған бұл отбасы «ана» сөзінің астарында ұшаң-теңіз ой жатқандығын, «ана» дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ екендігін жақсы біледі. Себебі, жасы ұлғайған Бағыт аналарын балаша бағып-қағып, қызмет көрсетіп отыр. Бұл, әрине, ананың ақ сүтінен бойына нәр алып, ана құшағына, мейіріміне бөленіп өскен жандар екендіктерінің айқын дәлелі.

Қазақтың қара нары Міржақып Дулатов бабамыз айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүре тұғын абзал жанды адам, бұл – ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді. Осындай асыл жанның ақ батасын алып, отбасының шаңырағын биік қылып,  тату-тәтті ғұмыр кешу бұл да бір арман, бұл да бір бақыт…

Айтпақшы, аталған отбасының аса қонақжайлылығын айта кеткен жөн.

Кстати

Олай болса, берекелі Жұмағұловтар әулетіне осы өмірде барлық арман-тілектеріңіз орындалып, қалаған мақсаттарыңызға қол жеткізе беріңіздер деп тілектестік білдіреміз!

Руслан ӘЛКЕЙ.

Related Articles

Add Comment